Лицей тарихы


Қасқарбеков Нұрғожа Еренсізұлы

Лицей директоры

Лицей тарихы

  • Туыстас екі елдің көшбасшылары Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалдың келісімінің арқасында 1993 жылы еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде өзіндік биік орны бар, дарынды балаларға даңғыл жол ашқан қазақ-түрік лицейлері ашыла бастады.
  •           Солардың қатарында «Ақмешіт» қазақ-түрік қыздар лицейі 1994 жылдың 12 шілдесінде Қызылорда қаласының әкімшілігі мен Түркия елінің «Шелале» фирмасының арасындағы келісім хаттамаға сәйкес ашылды. Лицей-интернатқа алғашында 50 оқушы қабылданып, «Шұғыла» мөлтек ауданындағы №43 балабақша ғимараты берілді. 1995 жылы лицей-интернат қала орталығындағы «Раушан» балабақшасының ғимаратына көшірілді.
  •           Лицейдің алғашқы директоры – түрік азаматы Туран Гунери болды. Ол лицейді 1994-1998 жылдары басқарып, лицейдің жұмысын бір жүйеге келтіру мақсатында қажырлы еңбек етті.
  •           Лицей шәкірттерінің білімге деген құлшынысы, аз ғана уақыт ішінде жеткен жетістіктері білім беру ұйымының мәртебесін биіктете түсті. Лицейге түсушілердің де саны жылдан-жылға артып, көпшіліктің құрметіне ие бола бастады.
  •           1998-2003 жылдар аралығында лицейді Ариф Узутку басқарды. Ариф Узутку мырза конкурстық негізде жұмысқа жергілікті мұғалімдерді қабылдап, педагог кадрлардың құрамын білікті мамандармен толықтыра түсті. Педагогикалық ұжымның шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасап, қолдау көрсетіп отырды.
  •           2003-2006 жылдар аралығында лицейді Осман Бозташ басқарды. Осман Бозташ мырзаның тұсында лицей-интернат республикалық «Дарынның» желісіндегі мектептердің қатарына енді. 2004 жылдың 20 желтоқсанында облыс әкімінің «Облыстағы жекелеген білім ұйымдарын қайта атау туралы» №245 қаулысымен лицей №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты» мемлекеттік мекемесі болып аталды.
  • 2006-2007 жылдар аралығында лицейді Игенбаев Алимжан Бекежанұлы басқарды. Бұл лицей тарихындағы алғашқы қазақ директор болатын. 24 жастағы жас басшы ұжымға жаңа бір леп әкелгендей болды. Облыстық деңгейде көптеген семинарлар өткізіліп, мұғалімдердің іс-тәжірибесі таратыла бастады.
  • 2008-2009 жылдар аралығында лицейді Акимов Нұркен Жаңбырбайұлы басқарды. Бұл жылдары лицей оқушылары Қазақстанның көк байрағын халықаралық аренада желбіретіп, бірнеше «Алтын медаль» иеленді. Лицей ҰБТ нәтижесі бойынша да облысымызда көш бастап тұрды.
  • 2009-2011 жылдар аралығында лицейді Усипбеков Асылхан Пернебекұлы басқарды. Бұл жылдардағы айтулы оқиға – лицейдің 500 орындық жаңа оқу ғимаратының іргетасы қаланды. Лицейдің жетістіктері толастамай, еселене түсті.
  •               2011-2012 оқу жылында лицейді Өте Дархан Ермаханұлы басқарды. 2012 жылы лицей ҰБТ нәтижесі бойынша республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына еніп, 32-орында тұрды.
  • 2012-2014 жылдар аралығында лицейді Сатаев Малик Төлебайұлы басқарды. 2012 жылдың қараша айында лицей-интернатқа сәні мен сәулеті келіскен зәулім жаңа оқу ғимараты берілді. Заман талабына сай жаңа үлгідегі 2 биология, 2 химия, 1 физика, 2 мультимедия, 1 лингафон, 1 iPad және басқа да пән кабинеттерімен жабдықталды. Сондай-ақ 2 тігін шеберханасымен, 50 тігін машинасымен қамтамасыз етілді. Лицей ұжымы заман талабына сай жабдықталған жаңа оқу ғимаратында шығармашылықпен қарқынды жұмыстар жүргізе бастады.
  •           2014-2016 жылдар аралығында лицейді Омаров Бақытжан Шайманұлы басқарды. 2014 жылы лицей «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясын жеңіп алып, 16 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
  • 2016-2017 оқу жылында лицейді Дюсенбаев Асет Серікұлы басқарды.    Заман талабына сай үш тілді білім беріп отырған бұл білім ордасы тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай атауына «ребрендинг» жасауды жоспарлаған болатын. 2017 жылдың 7 наурызында облыс әкімінің №733 қаулысына сәйкес №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты болып атауы өзгертілді.
  • 2017-2020 жылдары лицейді Ережепқызы Гүлнұр басқарды. Ол лицейдің іс-тәжірибесін республикалық деңгейде таратуды мақсат етті. «Әкелер кеңесінің», «Асыл әжем» клубы мен «Аналар академиясының, үйірме жұмыстарының нәтижелі жұмыстары республикалық семинарда  насихатталды.
  • 2020-2024 жылдар аралығында лицейді Сарсенбеков Абайбек Жанарбекұлы басқарып келеді. Ол  олимпиада мен ғылыми жобаға дайындықты ұйымдастыруда ерекше іскерлік танытты. Лицей олимпиада нәтижесі бойынша республикадағы үздік мектептердің алғашқы ондығына енді.  
  • 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап лицейді Қасқарбеков Нұрғожа Еренсізұлы басқарып келеді.
  •           Лицей мұғалімдерінің  2-еуі «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің, 2-еуі «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 3 мұғалім «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінің, 1 мұғалім республикалық кезеңінің жеңімпазы.
  •           Лицей-интернат ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекіткен оқу бағдарламалары бойына төрт тілде білім береді. Математика, химия, биология, физика, информатика пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі. Лицейдің басты ерекшелігі көптілде білім беру үрдісі болып табылады. Мұндағы басты ұстаным – «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» қағидасы.
  •                 Дарындылардың ордасына айналған бұл киелі шаңырақ 30 жылда талай белестерді бағындырып, толағай табыстарға жетті.
  •           Лицей оқушылары білім олимпиадалары мен түрлі жоба сайыстарында шашаларына шаң жуытпай, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, Қазақстанның көк байрағын халықаралық аренада желбіретіп, намысты қолдан бермей келеді. Олар тек лицейдің ғана емес, Тәуелсіз Қазақстан Мемлекетінің үкілі үмітіне айналып, Еліміздің жарқын болашағына елеулі үлес қосып келеді.
  •           Лицей шәкірттері Бразилия, Америка, Түркия, Грузия, Азербайжан, Греция мемлекеттерінде өткен халықаралық ғылыми жоба байқауларында 16 Алтын, 13 Күміс, 30 Қола медальға ие болды.
  •           Лицей-интернаттың алғашқы түлектері 1998 жылы бітірді. Бүгінгі күнге дейін 1102 түлек бітірген. Оның 159-ы «Алтын белгі» белгісін, 256-cы «Үздік» аттестатты иеленген.
  •           «Петро Қазақстан», «Болашақ» бағдарламалары бойынша лицей түлектері Корея, Англия, Малайзия, Түркия, Қытай сынды дамыған мемлекеттерде білім алуда. Жоғары білім алған лицей түлектері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.
  • Лицей-интернатта «Құндылыққа негізделген мектеп» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаны жүзеге асыруға бүкіл ұжым қатысады: мұғалімдер, қызметкерлер, оқушылар, ата-аналар. Әсіресе лицейдің «Асыл әжем» клубы мен «Аналар академиясы», «Әкелер кеңесі   белсене атсалысады. Ата-аналар тәрбие сағаттарын өткізіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, балалармен пікір алмасып отырады. Өмірден көргені мен көңілге түйгені мол ата-аналарымыздың әңгімелері, сыр-сұқбаттары балалардың тәрбиесіне ерекше әсер етеді. Бала тәрбиесінде ата-аналар педагогикалық ұжымға сенімді серіктес, тұғырлы тұлға болып келеді.
  • Тұлпардай дүлдүлдігімен, ғұламадай білгірлігімен шамшырақ болар таңдаулы ұстаздары бар, терең білімді Темірқазық етіп алған алғыр да алдаспандай жарқылдаған шәкірттері бар лицейіміздің алар асулары биік деп білеміз.